Маңғыстау облысында алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті: делегаттар қандай мәселелерді талқылады
Форумда партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев ауыл әкімдерінің алдында тұрған міндеттерін нақтылады
Маңғыстау облысында алғаш рет «AMANAT» партиясының бастамасымен ауыл әкімдерінің форумы өтті. Онда елдегі саяси реформалардың, жобалардың орындалуы сарапталып, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Жәнібек Шәйдікерім және барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, облыстық басқарма басшылары, партияның қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары қатысты.
Форумда партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев ауыл әкімдерінің алдында тұрған міндеттерін нақтылады. Сонымен қатар елді мекендегі кәсіпкерлікті дамыту, экономикалық ахуалды арттыру мақсатында басталған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Қарызсыз қоғам» жобаларының мазмұнына, партияның алдағы жоспарына тоқталды.
«Ауыл әкімдерін қосымша төлем көздері туралы мәселе алаңдатып отыр. Осы орайда жаңа Бюджет кодексінің жобасы шеңберінде ауылдық округтің аумағында орналасқан кең таралған пайдалы қазбаларды, жер асты суларын және емдік балшықтарды өндіруге салынатын салықты бюджеттің IV деңгейіне беру көзделіп отыр. Бұдан басқа жергілікті өзін-өзі басқарудың табыс көздерін кеңейту үшін қосымша салықтар мен төлемдердің түрлерін беру жоспарлануда», - деді партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды шаралар барлық деңгейдегі әкімдердің өзара байланысын нығайтуға, тәжірибе алмасып, шалғай елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
«Президент әр Жолдауында елімізде әділдік пен демократия принциптерін нығайтуға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатқанын айтып келеді. «AMANAT» партиясы осы бастамаларды іске асыруда белсенділік танытып, оларды Үкімет және әкімдіктермен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы облысымызда 165 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалардың іске асуына ауыл әкімдері өз үлестерін қосты деп есептеймін. Сондай-ақ, президент 2022 жылғы сайлаудан кейінгі алғашқы Жарлығында ауылды дамыту мәселесін көтеріп, халықтың 40 пайызы ауылда тұратынын ескере отырып, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай ауыл әкімдеріне көптеген мүмкіндіктер қарастырылуда. Бүгінгі «AMANAT» партиясынан сайланған ауыл әкімдерінің форумы да әкімдік пен партия арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды шаралардың бірі деп есептеймін», – деді ол.
Жалпы Маңғыстау облысында 47 ауыл әкімі бар, оның ішінде 43 ауыл әкімі «AMANAT» партиясының атынан сайланған.
Сондай-ақ форумда Онды ауылының әкімі Қуаныш Жәнібекұлы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін қозғап ұсыныстарын жеткізді.
«Еліміздегі барлық ауылдардың ең басты мәселесі – жастардың жұмыссыздығы. Олардың барлығын мұнай компанияларына жұмысқа кіргізу мүмкін емес. Осы ретте, ауылдан жертөле жылыжай құрылысын бастадық. Мақсатымыз қысы-жазы өнім өндіру жұмысын тоқтатпау. Сонымен қатар бақша өнімдерін, жемістерді өңдейтін, шырын мен тосап шығаратын цех салу жоспарда бар. Бұл жұмыстар ойдағыдай іске асырылса, ауылда жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз», - деді Қуаныш Жәнібекұлы.
Форумның екінші бөлігі панельдік секция жұмысымен жалғасты. Онда ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері «Эмоционалды интеллект және көшбасшылық» тақырыбы бойынша тренинг өткізді.