Астанада ер адам өзен үстімен жүремін деп мұз астына түсіп кетті
Оқыс оқиға түнгі уақытта болған
Елордада мұзға құлап кеткен ер адамды полиция қызметкері құтқарып қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түнгі уақытта жағалау маңындағы аумақты патрульдеп жүрген тәртіп сақшысы Алдияр Жарылғасынов қол бұлғап, көмек сұрап тұрған екі адамды байқайды. Жақындап келгенінде өзенді кесіп өтпек болған ер адамның мұздай суға құлап, шыға алмай тұрғанын білді. Астанада қар қалың жауып, күн суытса да өзен беті әлі адам көтеріндей деңгейде қатпаған.
Сонымен, куәгерлер жәбірленушіге ағаштың бұтағын созып көмектеспек болғанымен, ешнәрсе шықпайды.
Жағдайдың қиын екенін түсінген Алдияр Жарылғасынов патруль көлігінің жүксалғышынан арқан алып, суға батып бара жатқан адамға лақтырады. Полицей шамамен 10 метр қашықтықта куәгерлердің көмегімен суға батып бара жатқан адамды алып шығады.
Ер адам жағаға шыға алмай, мұзды суда жарты сағаттай болған. Полицей оны жылыту үшін дереу патрульдік көлікке отырғызып, ары қарай медициналық көмек көрсету үшін келген жедел жәрдемге тапсырады.
Алдияр Жарылғасынов ішкі істер органдарында 10 жылдан астам қызмет етіп, полктегі қызметін қатардағы сержант шенінен бастаған. 2023 жылдың шілдесінен бастап взвод командирі қызметін атқарып жүр. Болған оқиғаны еске түсіре отырып, ол оның ең бірінші ойы ер адамға суық өтіп кетпей аман қалу үшін тезірек көмектесу болғанын атап өтті.