Ақтөбе облысында әскери тікұшақ құлап, бір адам қаза тапты
Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді
Ақтөбе облысында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, оқиға Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында болған. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына тиесілі Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу кезінде дұрыс қона алмаған.
«Бортта экипаждың 3 мүшесі болған. Екі адам ауруханаға жеткізілді, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Экипаждың бір мүшесі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, авиациялық оқиғаның себебі техникалық ақау болуы мүмкін», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Министрлік барлық мән-жайды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оқиға орнында ведомствоаралық жедел топтың мамандары жұмыс істеп жатыр.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 қараша күні сағат 11:40-та 112 пультіне хабар түскен.
«Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары: 5 техника және 23 адам жіберілді. Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті сөндірді. Ми-8 тікұшағында 3 адам болған. Біреуі қаза тапты. Екі жараланған адам Як-40 ұшағы арқылы Ақтөбе қаласына жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.