2025 жылы 50-ден асқан ерлердің денсаулығы жаппай тексеріледі

Автор: Azattyq Rýhy

2024 жылы 68 мың адам инсульт орталықтары мен коронарография орталықтарында медициналық көмек алған

Фото: © istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook парақшасында қазақстандықтар арасында мүгедектікке әкелетін негізгі себептер жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкология екенін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Министрдің айтуынша, 2024 жылы 68 мың адам инсульт орталықтары мен коронарография орталықтарында медициналық көмек алған. Сонымен қатар реабилитацияға ерекше назар аударылып отыр — мұндай орындардың саны 12 мыңға дейін артты. Бұл пациенттердің көп бөлігіне белсенді өмірге қайта оралуға мүмкіндік береді.

«Келесі жылы біз 50 жастан асқан ерлер арасында жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін ерте анықтау жобасын бастаймыз. Бұл топ инфаркт пен инсульт қаупі жоғары топқа жатады. Ауруды неғұрлым ерте анықтаса, асқынулардан аулақ болу және денсаулықты сақтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары», — деп мәлімдеді министр.

Министрдің айтуынша, тек тұрақты медициналық тексерулер мен профилактикаға көңіл бөлу арқылы өмір сүру сапасын сақтап, көптеген аурудың алдын алуға болады.

«Скринингтен өтіңіз, денсаулығыңызды күтіңіз — бұл әл-ауқатыңызға және отбасыңыздың болашағына қосқан үлесіңіз», – деді Ақмарал Әлназарова.