Израиль премьер-министрі Нидерланд үкіметінен тәртіпсіздікке қатысқандарға шара қолдануды талап етті
Амстердамда «Маккаби Тель-Авив» клубының жанкүйерлеріне матчтан кейін жасалған шабуылдан кемінде 10 адам зардап шекті, оның ішінде бесеуі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Израильдің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Еуропа лигасының матчы үшін Нидерландыға келген израильдіктер бейсенбі күні кешке шабуылға ұшыраған. Бірнеше адам пышақ жарақатын алған.
Министрліктің хабарлауынша, «Аякс» пен Тель-Авивтің «Маккаби» командалары арасындағы матчтан кейін Амстердамда көптеген жанкүйерлер аяусыз шабуылдарға тап болды.
Амстердам билігі тәртіпсіздікке қатысушылардың арнайы израильдік жанкүйерлерді іздеп, оларға шабуыл жасауға тырысқанын растады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Нидерланд үкіметінен және қауіпсіздік күштерінен тәртіпсіздікке қатысқандарға «шұғыл және шешуші шаралар» қолдануды талап етті. Соңғы мәлімет бойынша, полиция 62 адамды қамауға алды.