Жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жуырда Арқалық қаласындағы Абай даңғылында жүргізуші екі адамды қағып кетті. Жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде агенттік тілшісіне берген түсініктемеде апаттың егжей-тегжейі айтылды.
ВАЗ 21104 маркалы автомобиль жүргізушісі қашықтықты сақтамағаны және Kia seltos маркалы басқа машинамен соқтығысқаны анықталды. ВАЗ 21104 автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегіндегі екі әйелді қағып кетті.
«Апат салдарынан екі әйел дене жарақатын алып, Арқалық өңірлік ауруханасына жатқызылды. ЖКО фактісі бойынша ВАЗ 21104 автокөлігінің жүргізушісіне қатысты абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан бап бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшылары апат фактісі бойынша тергеу жүргізеді.