18 мамырдан бастап Қазақстанда мұсылманша неке қиюға рұқсат беріледі
Алайда барлық аймақтағы мешіттер бірден ашылмайды

18 мамырдан бастап Қазақстанда мұсылманша неке қиюға рұқсат беріледі. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.
Бірақ, бас мүфти Наурызбай Қажы атап өткендей, неке қию бөлмесіне төрт адамнан артық кісі кіруге болмайды.
«Құрметті отандастар, қадірлі жамағат. Осы сәтті пайдаланып, көрермен алдында тағы да қуанышты хабармен бөліскім келеді. Алла қаласа, 18 мамырдан бастап жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттерімізді ашамыз. Бірақ, бұл еліміздегі барлық мешіттің есіктері ашылады деген сөз емес. Өйткені, әр облыстағы карантиндік жағдай әртүрлі», - деді ол.
Өңірлердегі жағдай әртүрлі болғандықтан, бүкіл аймақтағы мешіттер бірден ашылмайды. Облыстардағы мешіттер сол өңірлердегі коронавирустық инфекцияның таралауына жол бермеу туралы жедел штабтың қаулысына сәйкес ашылады.
«Карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын жұма, тарауық намаздарына қойылған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырып отырмыз», - деп хабарлады ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан