Ақтөбеде туыстары екі жарым ай бойы іздеген жанды полицейлер бауырластар зиратына жерлеген болып шықты

Azattyq Rýhy

Марқұмның жақындары осы іске жауапты тергеуші мен учаскелік полиция инспекторының жауапқа тартылуын талап етеді

Ақтөбеде туыстары екі жарым ай бойы іздеген жанды полицейлер бауырластар зиратына жерлеген болып шықты
Фото: astanatv.kz

Ақтөбелік тұрғын полицияға өзінің ағасына іздеу салып барып, оның әлдеқашан қаза тауып, оны үйсіз-күйсіздерге арналған бауырластар зиратына жерленгенін бір-ақ білген. Жоғалған жан жазда суға батып көз жұмған көрінеді, бірақ полиция туыстарына хабар бермеген. Енді жақындары бауырымызды тиісінше арулап жерлей алмадық деп қынжылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Марқұмның қарындасы Жанат Иманғалиеваның айтуынша, ағасы жалғыз өзі тұрған. Құрылыспен айналысып, үй салатындықтан арасында ақша табу үшін айлап жұмысқа кететін көрінеді. Көптен хабарласпай, үйге соқпай кеткенін жұмысқа кеткен болар деп ойладық дейді. Алайда, ешқандай хабар болмаған соң, қыркүйек айында полицияға барған, алайда ол жерден суық хабар естіпті.

Сөйтсе, елу бір жастағы Аман Жақаев маусым айында екі жолдасымен Қарғалы өзеніне барып, сол жерде суға батып қаза тапқан екен. Марқұм бауырластар зиратына тек алтыншы қыркүйекте жерленген. Оған дейін екі жарым ай бойы оның денесі мәйітханада жатыпты. Марқұмның жақындары « арулап, соңғы сапарға шығарып сала алмадық» деп қынжылады.

«Бұл істі жылы жауып қоя салғаны көңіліме күдік ұялатады. Біз өзіміз оның өмірден өткенін екі айда настам уақыттан кейін естіп отырмыз. Бізді туыстары ретінде іздестірген жоқ. Ойға сыймайтын нәрсе. Даладағы мал сияқты көме салған. Үйден де шығара алмадық, намазын да шығара алған жоқпыз», - дейді марқұмның қарындасы Жанат Иманғалиева.

Марқұмның жақындары оның кім екенін анықтағаннан кейін полиция неге хабарламағанын түсінбейді. Ал полиция департаментіндегілер бұл іс бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатқандығын жеткізді.

 «Осы факт бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша шешім қабылданады», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ал марқұмның жақындары осы іске жауапты тергеуші мен учаскелік полиция инспекторының жауапқа тартылуын талап етеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.