БҚО-да емханада жанжал шығарған әйелге айыппұл салынды

Azattyq Rýhy

Сот әйел медициналық қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірді деген шешім шығарды

БҚО-да емханада жанжал шығарған әйелге айыппұл салынды
Фото: istockphoto.com

БҚО тұрғыны емханада жанжал шығарғаны үшін айыппұл төлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті «Мой город» басылымының жазуынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Бәйтерек ауданының № 2 аудандық сотында ҚР ӘҚБтК 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды.

БҚО сотының мәліметінше, оқиға 24 қыркүйекте сағат 13:30 шамасында Асан кентіндегі емхана ғимаратында болған. Сотталушы медициналық қызметкердің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, әдепсіз мінез көрсетті, жалпы тәжірибелік дәрігерге қатысты құрметсіздік танытып, айқайлап, үстел бетін ұрған.

 Сотта әйелдің өзі кінәсін мойындаған жоқ және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін айтты.

 Оның айтуынша, сол күні қызы ауырып, ауруханаға түскен. Олар келгенде электр қуаты өшіп қалған.

«Осы уақытта дәрігер дәлізге шығып, қасында отырған қарттарға жарықтың сөнгенін ескертіп, анықтама алу үшін келгендердің күтпеуін өтінген. Сотталушы әйел дәрігерден қызын тексеруді сұраған, ал дәрігер сол сәтте сотталушыға назар аудармаған. Сол жепде тұрған бір әжей кезексіз кіріп кетті, ал дәрігер маска киіп, бұрылып, сотталушыға қарамай кеткен. Осы кезде ол дауысын көтеріп, дәрігерге айқайлады, дәрігердің үстелін ұрды, бірақ балағат сөздер айтпады», - делінген сот хабарламасында.

Сот шешімімен әйел кінәлі деп танылды. Оған 110 760 теңге айыппұл салынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.