Ұлттық ұланның қызметтік иті жоғалып кеткен баланы тауып берді

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар есірткі тасымалдаушыны ұстады

Фото: Ұлттық ұлан

Астана қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұланның астаналық бригадасының әскери қызметшілері жоғалған баланы тауып, есірткі таратушыны ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

25 қазан күні 8 жасар баланың жоғалғаны туралы хабар түсті. Кинологиялық қызметтің аға маманы, қатардағы Әлішер Сүлейменов баланы табу үшін қызметтік ит Зорроны пайдаланды. Баланың жеке затын иіскеткен соң, Зорро дереу ізге түсіп, баланы көрші ауладағы ойын алаңынан тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды.

Сол күні Есіл ауданының Орал көшесін патрульдеу барысында қатардағы Еркебұлан Парыбеков, патрульшілер Ермахан Сұлтанов пен Даниял Кенжебайұлы және кинолог ефрейтор Абылайхан Оразбек күдікті ер адамды байқады. Ол шөп арасынан бірдеңе іздеп жүрген. Абылайхан Оразбек нарко-іздестіру қызметіндегі Хуч есімді итті пайдалануған.

«Біздің ит шөп арасынан сары түсті таспамен оралған түйіншекті тапты. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылып, тергеу амалдары басталды», – деді Абылайхан Оразбек.

Айта кетейік, Астана бригадасында 30-дан астам қызметтік ит бар.