Адам өлтіру туралы қоңырауды елемеген 112 қызметінің диспетчеріне қатысты үкім жеңілдетілді

Azattyq Rýhy

Алғашқыда оны екі жылға қамауға алу үкімі шығарылған еді

Адам өлтіру туралы қоңырауды елемеген 112 қызметінің диспетчеріне қатысты үкім жеңілдетілді
Фото: © freepik.com

Ақтөбе облыстық соты аймақтағы ТЖД 112 құтқару қызметінің диспетчері Әділ Қалидоллаға қатысты үкімді жеңілдетті. Ол адам өлтіру туралы қоңырауды елемегені үшін жазаланған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақтөбе таймс» басылымына сілтеме жасап.

Облыстық соттың баспасөз қызметі 21 қазан күні апелляциялық сот инстанциясының диспетчерге қатысты қыркүйекте шығарылған үкімді қайта қарағанын хабарлады. Алғашқыда шыққан  екі жылға қамауға алу  үкімі екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Сот үкімді қандай негізде өзгерткені нақтыланбады.

27 жастағы диспетчер Әділ Қалидолла қызметтік салғырттық бойынша айыпталған еді. Маусым айында ол 112 қызметіне қоңырау шалған 55 жастағы Клара Сұлтанбаеваның хабарын елемеген. Әйел көлігін сатуға барғанда, өзін сатып алушы ретінде таныстырған адам оны қауіпсіздік белдігімен тұншықтыра бастаған. Клара Сұлтанбаева 112 нөміріне қоңырау шалып, көмек сұраған, бірақ оператор көмек жібермеген.

Әйелдің зорлық белгілері бар денесі бірнеше күннен кейін табылды. Қылмыскер ұсталып, оның гаражынан Сұлтанбаеваның ұрланған көлігі табылды.

Сотта Әділ Қалидолла телефон арқылы тек қатты айғай естігенін және болған жағдайды тұрмыстық жанжал деп қабылдағанын айтып, көмек жіберуге себеп көрмегенін мәлімдеді. Қыркүйек айында оны екі жылға бас бостандығынан айыру үкімі шыққаннан кейін, ол апелляцияға шағым түсірген еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.