Бұл жұмыстардың барлығына арнайы техникалар жұмылдырылған
Мақтаарал ауданында тасқын судың астында қалған мал өлексесі сыртқа шығарылып, арнайы пеште өртелуде. Зиянды қалдықтарды 1200 градус температуда өртейтін пеш Нұр-Сұлтан қаласынан алдырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі күнге дейін су астында қалған ауылдардан 908 бас үй жануарларының өлексесі шығарылды. Олардың ішінде 856 ұсақ мал, 39 ірі қара, 7 жылқы, 6 түйе бар. Өлген малдан тазартылған аумақтарды жағымсыз иіс пен зиянды қалдықтардан арылту үшін 219 тонна арнайы дәрі себу арқылы залалсыздандыру жүргізіледі. Қазіргі таңда ол дәрілердің 100 тоннасы жеткізілді. Ауа-райы қолайсыздық тудырмаса 5 күн ішінде 4 миллион 188 мың шаршы метр аумақты дәрілеу жұмыстары жүргізіліп бітеді деп жоспарлануда», - деп жазылған хабарламада.
Су астынан шыққан мал өліктерінің көпшілігі Өзбекстан Республикасына тиесілі. Сонымен қатар топан сумен бірге ағып келген балықтардың да сынамалары алынып, балық инспекциясы лабороториялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу нәтижелері анықталғанға дейін балық аулауға рұқсат берілмейді.