Әлеуметтік желі арқылы заңсыз лоторея өткізіп, көлігін тіккен: Балқашта ер адам жазаланды
Жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ
Алматы облысының Балқаш аудандық сотында заңсыз лоторея ұйымдастырған адамға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024 жылдың шілдесінде Н. өзінің Instagram парақшасында заңсыз лотерея ұйымдастырып, «Jetour» маркалы автокөлігін ойнатқан. Лотереяға қатысу үшін 200 теңге көлеміндегі шексіз лотерея билетінің құнын Н.-ның жеке банктік шотына аудару қажет болған.
«Құқық бұзушылық фактісі келесі дәлелдермен: құқық бұзушылық анықталғаны туралы ақпараттық хат, Н. лотерея операторы болып саналмайтын тұлға жөнінде хабарлама, Instagram парақшасының скриншоттары және істің басқа да материалдарымен расталады.
ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабы 6-бөлігінің санкциясы жеке тұлғаларға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот Н.-ны ӘҚБтК-нің 445-1-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 100 АЕК, яғни 369 200 теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындады», - делінген Алматы облыстық сотының хабарламасында.
Жаза тағайындау кезінде жасалған іс-әрекеттің сипаты мен мән-жайлары, құқық бұзушыны құқықтық тәрбиелеу, сондай-ақ оның және басқа адамдардың жаңа құқық бұзушылықтар жасауына жол бермеу мақсаттары ескерілді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.