Астанада заңсыз жүрген Нигерия азаматы елден шығарылды
Соттың биылғы мамыр айындағы шешіміне сәйкес, мигрант Қазақстаннан шығарылуға тиіс болған, бірақ өз еркімен елден кетпеген
Есіл аудандық миграциялық қызметінің қызметкерлері жедел-алдын алу шараларын жүргізу барысында Нигерия Республикасының 21 жастағы азаматын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Соттың биылғы мамыр айындағы шешіміне сәйкес, мигрант Қазақстаннан шығарылуға тиіс болған, бірақ өз еркімен елден кетпеген. Астана мен Алматы қалаларында қонақ үйлерде еден жуушы болып жұмыс істегені анықталды.
Әкімшілік соттың шешімімен шетел азаматы елден мәжбүрлі түрде шығарылды. Ол әуе рейсімен өз еліне оралды.
Соңғы 4 күн ішінде елорда гарнизонының қызметкерлері шетел азаматтарының Қазақстанда болу ережелерін бұзудың 644 фактісін анықтады. Сонымен қатар, шетелдіктерді қабылдау ережелерін бұзғаны үшін 92 қазақстандық азаматқа және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 20 адамға әкімшілік шаралар қолданылды.
Қазақстаннан жалпы саны 69 шетелдік азамат елден шығарылды.