Емтиханға көмектескен: Өскеменде арнайы ХҚКО қызметкерлері 35 млн теңге «табыс» тапты
Сот олардың ісі бойынша шешімді жариялады
Өскеменде мамандандырылған ХҚО қызметкерлері жүргізуші куәлігін алу кезінде емтихандарға көмектескені үшін 35 млн теңгеге жуық «табыс тапты», деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың ісі Өскеменнің №2 сотында қаралды. Арнайы ХҚО басшысы мен оның екі қызметкері сотталушы орындығына отырды. Оларға қатысты ҚК 247-бабының 3-бөлігі (заңсыз сыйақы алу) және ҚК 247-бабының 3-бөлігі, 218-бабының 1-бөлігімен (қылмыстық жолмен алынға ақшаны заңдастыру) қылмыстық іс қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының Халыққа қызмет көрсету жөніндегі мамандандырылған бөлімінің басшысы екі қызметкердің қолдауымен 2023 жылдың ақпан айынан қазан айына дейін азаматтардан жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру кезінде көмек көрсеткені үшін ақша алып отырған. Жалпы сомасы 34 960 500 теңгені құрады.
Сотталушылар тағылған айыптарға шын жүректен өкініп, кінәсін толық мойындады. Олар мемлекеттік айыптаушымен кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімін жасады.
Сот арнайы ХҚО басшысын кінәлі деп тауып, оған 1 725 000 теңге айыппұл салды. Ол бір жыл мерзімге мемлекеттік және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарға орналасу құқығынан айырылды. Осындай жазаны оның қарамағындағы қызметкері алды. Екіншісіне мемлекеттік және коммерциялық емес ұйымдарда бір жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынған пәтері тәркіленді.