Петропавлда 70 жыл бойы тазаланбаған биотоған айналаны ластап жатыр
Мамандар оны тазартуға қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр дегенді айтады

Жыл сайын Петропавл қаласының Былғары зауыты ауданын жағымсыз иіс жайлайды. Көктемде қар көбесі сөгілген тұста басталатын бұл құбылыс, мұз қатқанға дейін жалғасады. Себебі, жақын маңда облыс орталығынан шыққан кәріз сулары құйылатын биотоған бар. Әсіресе ауа температурасы көтерілгенде жағымсыз иістің таралу аумағы кеңейе түседі. 1950 жылы ашылған биотоған осы күнге дейін ешқашан тазаланбаған. Синоптиктердің болжамынша, биылғы маусым әдеттегіден ыстық болмақ. Сондықтан жағдай тіпті күрделене түсуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ТҰРҒЫНДАР ЖАҒЫМСЫЗ ИІСКЕ ТҰНШЫҒЫП ӨМІР СҮРУГЕ МӘЖБҮР
Биотоған орналасқан аудан тұрғындары жаз бойы қолқаны қабатын жағымсыз иіспен тыныс алып күнелтуге мәжбүр. Басқа шара жоқ. Аталған аудандағы үйлерді сатқанның өзінде арзан бағаға да өтпейді. Проблема жыл сайын ушығып барады. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын «Казгидромет» мамандары мен экологтар аталған аудандағы ауаның ластану деңгейін анықтау мақсатында тоғанда жаз бойы мониторинг жүргізген. Нәтижесінде, көмірсутегі тиісті мөлшерден 3,6 есе көп екені анықталған. Алайда, ешқандай шара қолданылмай келеді.
Биотоған Петропавл қаласын тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» мекемесінің қарамағында. Мамандар оны тазартуға қаржы тапшылығы қолбайлау болып отырғанын айтады.
«Биотоған – біздің технологиялық тоған. Онда Петропавлдан шыққан кәріз сулары құйылады. Оны тазалаудың үш әдісі бар. Механикалық, яғни лас суды сорып алу. Екіншісі - реактивтердің көмегімен химиялық тазалау. Үшіншісі - биологиялық тәсіл. Ол микробалдырлардың көмегімен жүзеге асырылады. Оның барлығы қыруар шығынды қажет етеді. Ең қымбатқа түсетіні әрі сенімдісі - механикалық тазалау. Ал биологиялық әдіс - бағасы жағынан ең тиімдісі. Бірақ «Қызылжар су» серіктестігі бұндай жұмысты атқаруға қауқарсыз. Бізге әкімдік тарапынан көмек қажет», - дейді «Қызылжар су» ЖШС су тарату кешенінің бастығы Ербол Нәбиев.
Оның сыйымдылығы 12 миллион текше метр. Петропавлда Күн сайын оған 35-40 мың текше метр кәріз суы құйылады.
«Әсіресе көктемде шағым көбейеді. Біз жағымсыз иісті азайту үшін қыста суат ойып, тоғанға ауаның баруын қамтамасыз етеміз. Бұл аз да болса жағымсыз иісті азайтады. Алайа, мұз жарыла бастағанда тұрғындар тарапынан шағым көбейеді. Бұл мәселенің шешімін табуына ниеттіміз», - дейді Ербол Нәбиев.
ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫ ҚОЛДАУ ТАППАЙ КЕЛЕДІ
Биотоған Петропавл шетінен нәбірі үш шақырым қашықтықта орналасқан. Желдің бағыты қалаға қарай соқса, зиянды бактериялардан бөлінетін жағымсыз иіс бірнеше ауданға жетеді. «Су ғылыми-технологиялық орталығы» серіктестігі тоғанды зиянды бактериялар мен жағымсыз иістен тазарту мәселелесінің шешімін ұсынған. Мекеме директоры Александр Рейбандтың айтуынша, арнайы балдырлардың көмегімен жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Серіктестік «Chlorella vulganis SKO» атты штамм түрін ойлап тауып, патентке ие болған. Су қоймаларын тазалау технологиясына да арнайы сертификат алған. Яғни, Chlorella балдырлары жағымсыз иісті тарататын бактериялармен қоректенеді. Осылайша жағымсыз иісті жоюға, тіпті суды техникалық мақсаттарға пайдалануға болады.
«Бактерияларды су қоймасына мұз қатқан кезде жіберген дұрыс. Бұл жұмысты жүзеге асыруға қараша мен желотқсан айлары қолайлы мезгіл. Мәселен, біздің биотоған үшін 6 тонна балдыр қажет. Ол қыс бойы тоғанда жатып, орнығады. Күн түсіп, мұз ери бастағанда балдырлар оянып, судың беткі қабатына шығады. Оттегі бөліп, күкіртсутегін залалсыздандырады», - дейді «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры Александр Рейбанд.
Жобаны жүзеге асыру мәселесі Петропавл қалалық әкімдігі тарапынан қолдау тапқанымен, іс жүзінде нәтиже жоқ. Қағазбастылық қолбайлау болып отыр.
«Қызылжар су» мекемесінің өкілдерімен бірге қалалық әкімдікке бардық. Петропавлды бұған дейін басқарған Марат Тасмағамбетов жобаны құптады. Бірақ бюрократиялық талаптар жұмысты атқаруға кедергі келтіріп отыр. Биотоған Энергетика министрлігінің қарамағында болып шықты. Байқау ұйымдастырудың механизмі жасалмай отыр. Сондықтан желтоқсан айында балдырды тоғанға жіберіп үлгермедік. Кейін Петропавл қаласының қазіргі әкімі Болат Жұмабековтің қабылдауына жазылдық. Бірақ оған да үлгермедік. Елімізде коронавирус таралуына байланысты жарияланған карантин бізге кедергі келтірді», - дейді Александр Рейбанд.
Ғалымдардың айтуынша, Chlorella балдырлары жағымды жағдай жасалса тез көбейеді. Арнайы қондырғыда тиісті ауа температурасын сақтап тұру шарт.
«Chlorella балдырларын өсіру – көп шығынды талап етпейді. Біз арнайы қондырғыны жасап шығардық. Түрлі тәжірибе өткізіп, оның тиімділігін дәлелдедік. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Жобаға экологтар да оң бағасын берді», - дейді Ирина Голодова «Су ғылыми-технологиялық орталығы» серіктестігінің зертхана меңгерушісі.
Жобаны жүзеге асыру үшін мамандар мен қажетті техника бар. Тек қаражаттың бөлінбеуі кедергі болып отыр. Бұл мақсатқа 48,5 миллион теңге қажет.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО