Атырау облысында 24 жастағы жүргізушінің көлігінен 70-тен астам киік мүйізі табылды
«Браконьер-2024» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Атырау облысында 70-тен астам киік мүйізін әкеле жатқан 24 жастағы жүргізуші қолға түсірді. Тәртіп сақшылары жүргізушіден киік мүйізін тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Браконьер-2024» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында күдік тудырған көлікті тоқтатқан.
«Полиция қызметкерлері Атырау қаласының аумағындағы ойын-сауық орталығының жанында күдік тудырған Toyota Highlander маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізді. Көліктің рулінде 24 жастағы жүргізуші болған. Тексеру барысында автокөліктің салонынан пакетке салынған 71 дана киік мүйізі табылды.
Жүргізушіге қатысты киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу басталды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», - делінген департамент хабарламасында.