Құжатының мерзімі өткен шетелдіктер елімізде тағы екі айға қала алады

Автор: Azattyq Rýhy

Төтенше жағдай кезінде Қазақстаннан шыға алмай қалған шетелдіктерге әкімшілік жаза қолданылмайды

Фото: ашық дереккөзден

Құжатының мерзімі өткен шетелдіктер елімізде тағы екі айға қала алады. Олар 11 шілдеге дейін құжатын жасатып үлгеруі тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Төтенше жағдай кезінде Қазақстаннан шыға алмай қалған шетелдіктерге әкімшілік жаза қолданылмайды. Көші-қон басқармасы оларға өтпелі кезең ретінде тағы екі ай уақыт берді. Ал осы мүмкіндікті пайдаланған шетел азаматтары өз құжаттарын айыппұлсыз ауыстыра алады. 

«Төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болған және белгіленген мерзімде елден шыға алмаған шетелдіктер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылған санкциялар қолданылмайды.  2020 жылдың 10 шілдесіне дейін олар қосымша құжаттарды толтырмай-ақ Қазақстан Республикасынан шыға алады.  Соттың шығарып жіберу туралы шешімдері бар адамдар 2020 жылдың 10 шілдесіне дейін кетуге міндетті.  Қазақстан Республикасында қалғысы келетін шетелдіктер мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ауыстыруға, сондай-ақ олардың заңды мәртебесін реттеуге құқығы бар», - деді, Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Ал еңбек мигранттары патенттерге Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шықпай-ақ өтінішті қайтадан бере алады. Жұмыс істеу үшін берілетін қажетті құжаттарды тапсыру мерзімін бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, яғни 11 шілдеден бастап қана Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесін орнатпаған шетелдіктерге әкімшілік шаралар қолданылады.

«Қабылдаушы тараптың өтініші бойынша шетелдіктер емделуге, оқуға, іскерлік және миссионерлік жұмысқа тұруға рұқсат ала алады, сонымен қатар тұрақты тұруға рұқсат сұраған адамдар да солай ете алады. Визаның негізінде келген немесе визасының мерзімі өткен шетелдіктер шақырушы тараптың өтініші бойынша және себептер болған жағдайда (жұмысқа рұқсат, уәкілетті органның жазбаша растауы, қызмет көрсетуге келісімшарт және визаны ұзартуға негіз болатын басқа да құжаттар) ұзартылады. Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мемлекеттердің азаматтары Қазақстан Республикасына келу және болу, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуі, қабылдаушы тараптың өтініші бойынша Қазақстан Республикасына 2020 жылдың 1 ақпанына дейін келген және себептері болса, Қазақстан Республикасынан шықпай-ақ тиісті виза алуға құқылы», - деді полковник Бутунчинов.

Қарастырылған жеңілдіктердің барлығы Қазақстан аумағына тек осы жылдың 1 ақпанына дейін келген шетелдіктерге ғана жарамды. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы