$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.05.2020, 11:17
Жаңалықтар

Алматыда көктем шыққалы 500-ден аса адамды кене шаққан

Қазақстан бойынша 3435 адамды кене шағып, медициналық мекемелерге жүгінген

Алматыда көктем шыққалы 500-ден аса адамды кене шаққан
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда коронавирустан бөлек, кененің кесірінен медициналық көмекке жүгінгендер де көбейген. Көктем шыққалы қаладағы 600-ге жуық адамды кене шаққан, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Мамандар жәндікті дәрілеу жұмыстарын енді ғана бастаған. Қостанайда да кенеден жәбір көргендер бар. Олардың тең жартысы балалар.

Қостанай облысында көктем шыққалы 35 адамды кене шаққан. Медициналық көмекке жүгінгендердің жартысы 14 жасқа дейінгі балалар.

Мамандар қауіптің алдын алу үшін даладан кене жинап, оларда қандай дерттің қоздырғыштары бар екенін анықтауға кірісті. Кешенді зерттеу жүргізу үшін кем дегенде 500 жәндік ұстайды.

Ұлттық сараптама орталығы филиалының қызметкерлері кенеден келетін кеселді анықтауға кіріскен. Зертханаға облыстың түкпір-түкпірінен жәндіктер жеткізіліпті. Мамандар зерттеу нәтижелерінің кешірек дайын болатынын айтады. Сондықтан аймақ тұрғындарын аса сақ болуға шақырады.

«Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бізде арнайы тест жүйелері қолданылады. Алайда бұл тест жүйелерін бізге Ресей мемлекеті қамтамасыз етеді. Бірақта карантиндік жағдайға байланысты шекара жабық болғандықтан тест жүйелері бізде қазір қолданыста жоқ. Сондықтан да біз зерттеу нәтижелерін кешіктіріп береміз», - дейді «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының эпизоотолог маманы Инеш Мағыпарова.

Карантидік жағдайға байланысты жазғы демалыс орындары мен балалар лагерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары әлі жүргізілген жоқ. Тек орманшылар мен сол маңдағы малшыларға энцефалитке қарсы екпе жасалды, дейді мамандар.

Алматыда да жағдай ушығып тұр. Көктем шыққалы 566 адамды кене шағып, дәрігерге жүгінген. Оның жартысы балалар.

Жәндікке қарсы дәрілеу жұмыстары өткен жылдармен салыстырғанда биыл кеш басталды.

«Биыл кеш бастап жатырмыз. Өйткені, карантинге байланысты жұмысымыз кеше басталды», - деді Алматы қалалық дезинфекция орталығының эпидемиологы Шерхан Қыдырбаев.

Эпидемиологтар залалсыздандыру жұмыстары қала бойынша 22 мамырға дейін жалғасады деді. Ол жұмыстар жалпы 2 мың гектар аумақты қамтымақ. Кенемен күреске биыл республикалық бюджеттен 75 млн 415 мың теңге бөлінген.

Республикалық санитар мамандардың мәліметінше, кене шағу дерегі Алматы, Ақмола, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі тіркелген.

«Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 3435 кене шаққан адам медициналық мекемелерге жүгінген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1704 жағдай тіркеліп отыр. Осы кене шаққан адамдардың ішінде Шығыс Қазақстанда бір кене энцефалиті ауруы тіркеліп және Солтүстік Қазақстан облыстында кене бареллезы ауруы анықталып отыр», - деді  ҚР ДСМ «СЭС және мониторинг ғылыми практикалық орталығы» филиалының энтомологы Бейсекүл Рустамбекова.

Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті жәндіктен қорғанудың ең тиімді жолы - екпе жасау.

Айта кетейік, өткен жылы Алматыда 2400-ден аса адамды кене шағып, кене энцефалитінің 5 жағдайы тіркелген болатын.

Серіктес жаңалықтары