Елімізде АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беру басталды
Дауыс беру учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді
Қазақстанда 06:00-ден бастап АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беру 84 учаскеде басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл сайлау учаскелері әскери бөлімдерде, вахталық кенттерде құрылған.
Бүгін барлығы 10 323 референдум учаскесі жұмыс істейді, оның ішінде 59 елдегі шетелдік мекемелер жанынан ашылған 74 учаске бар.
Дауыс беру учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Дауыс беру тізіміне 12 244 683 азамат енгізілген. Референдумға қойылған сұрақ: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын қолдайсыз ба?».
Референдум учаскелеріндегі дауыстарды санау жергілікті уақытпен 6 қазан күні 20:00-де басталады.
Референдумның ресми нәтижелері туралы Орталық комиссияның хабарламасы бұқаралық ақпарат құралдарында 7-12 қазан аралығында жарияланады.