Маңғыстау облысында жұлмаланған қоқиқаз құстары табылды

Azattyq Rýhy

Экологтар бұл істі зерттеуге кірісті

Маңғыстау облысында жұлмаланған қоқиқаз құстары табылды
Фото: Instagram/azamat_sarsenbayev

Блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында бірнеше қоқиқаз құсының жұлмаланған суретін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қаламқас пен Қаражанбас арасындағы далада Қызыл кітапқа енген қоқиқаз құстарының өлекселері табылды. Біз оларды тексеріп, зерттеуіміз керек. Мәселен, бізде шаңды дауыл болған жоқ. Сол себепті бұл құстар қалай қырылғанын, не себеп болғанын, өздері өлді ме, әлде өлтіріп кетті, анықтауымыз керек», - деп жазды блогер.

Азамат Сәрсенбаев өлекселерді жергілікті тұрғындар тапқанын айтты. Бас-аяғы бес құстың өлексесі табылды. Олардың барлығы жұлмаланған. Сол сияқты жабайы аңдардың жемтігіне айналды деген де болжам бар.

Маңғыстаулық эколог Кирилл Осин өз ойын білдірді: жақында қоқиқаз құстары Қаракөлге ұшқаны хабарланған.

«Бұл құстар алысқа ұша алмаған болса керек. Жалпы, бұл қалыпты құбылыс деуге де болады. Қанаты әлі қатаймаған жас құстар бірден алысқа ұшып кете алмайды, алысқа шыдамайды, күштері жетпейді. Ал олардың жұлмаланғаны өлгеннен кейін жабайы аңдардың жемтігіне айналған болса керек», - деді Осин.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.