СҚО-да діни кітап сатқандарға айыппұл салынды
Діни әдебиетті жеке рұқсаты бар орындар ғана сата алады
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дін саласында бес әкімшілік заң бұзушылығы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Заң бұзушылықтың басым бөлігі СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен әлеуметтік желілерді және басқа да интернет-ресурстарды тексеру кезінде анықталды. Діни әдебиетті діни мазмұндағы басылымдарды сатуға жеке рұқсаты бар заңды түрде кітап сататын орындар сата алады. Бұған қарамастан, аталған әдебиетті интернет-ресурстар арқылы сату фактілері де кездеседі», - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, діни әдебиетті және діни мақсаттағы өзге де материалдарды, заттарды әкелгені немесе таратқаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 490-бабы бойынша жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, заңды тұлғаларға – 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.