Түркістан облысында карантин режимі ұзартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жұмысын бастайды

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында карантин режимі 25 мамырға дейін ұзартылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Көрші аймақтармен шекарадағы санитарлық блок-бекеттер жұмысын жалғастырады. Тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елдімекендер арасында қатынауға қойылған шектеу күшінде қалады. Қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жұмысын бастайды. Карантин режимі аяқталғанға дейін елдімекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен діни бағыттағы нысандар жұмысын бастамайды», - деді ол.

Сонымен қатар спорттық, мәдени іс-шаралар өткізілмейді. Азық-түлік базарларының жұмысы таңғы сағат 10:00 мен кешкі 17:00 арасында жалғасса, киім-кешек, өзге де заттар сататын дүкендер дезинфекция жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізе отырып, таңғы 9:00-20:00 аралығында жұмыс істейді.