«Түйемен соқтығысқан»: Жамбыл облысында паратаеквондошы жол апатынан қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Жауапкершілікке тарту үшін мал иесін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Фото: paralympic.kz

Паратаеквондодан екі дүркін Әлем чемпионы (Мәскеу, 2014, Лондон, 2017), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Хошимин-2022), пара Азия ойындарының күміс жүлдегері (Ханчжоу-2023), екі дүркін Паралимпиада ойындарына қатысушысы Нышан Өмірәлі көз жұмды. Параспортшының қазасы туралы Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі паратаеквондошының өліміне жол апаты себеп болғанын хабарлады.  

Облыстық ПД мәліметінше, қайғылы оқиға 1 қазанда сағат 22.15 шамасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай" республикалық маңыздағы тас жолдың 542-шақырымында болған. Аталған жол учаскесінде Түркістан облысынан Тараз қаласына қарай бағыт алған «Ниссан Максима» маркалы автокөлік түйемен соқтығысқан.

«Көлікте жүргізуші жалғыз болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен ер адам Тараздағы ауруханаға бара жатқанда жолда жан тапсырды.  Полиция қызметкерлері ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Жауапкершілікке тарту үшін мал иесін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.