«15 адамды 200 миллион теңгеге алдаған»: бұрынғы ХҚО қызметкері 6,8 жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Сот үкімі жарияланды

«15 адамды 200 миллион теңгеге алдаған»: бұрынғы ХҚО қызметкері 6,8 жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 15 адамды 200 миллион теңгеге алдаған ХҚО-ның бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот талқылауы барысында белгілі болғандай, сотталушы Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы бола отырып, бірнеше жәбірленушіге қатысты алаяқтық жасаған.

«Сотталушы А. 2022 жылы жәбірленуші К.-ға, алаңы 20,0800 га жер учаскесін оның атына жекешелендіріп беру, әрі қарай, тестілеу орталығын ашып, бірге жұмыс істеу, одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтерді арзан бағаға алып беру үшін алдап, аса ірі мөлшерде жалпы 113 000 000 теңгені алаяқтық жолымен жымқырған. 

Қалған 14 жағдай бойынша көрсетілген тәсілмен 14 жәбірленушіден мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер алып беретінін айтып алдап, бірнеше рет аса iрi мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырумен алаяқтық жасап, жалпы 71 356 000 теңге материалдық зиян келтірген», - деді сотта.

Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар - сотталушының жас балаларының болуы, іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Бұл ретте сот кінәні ішінара мойындауды, шын жүректен өкінудің жоқтығын, жалпы сомасы 179 000 000 теңгеден асатын 14 жәбірленушінің талаптары бойынша аса ірі мөлшерде өтелмеген залалды, сондай-ақ бас бостандығынан айыруға байланысты қатаң жаза тағайындауды сұраған жәбірленушілердің пікірлерін ескерген. Барлық мән-жайды назарға ала отырып, сотталушы 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі үкім шығарды», - деп хабарлады сотта.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.