Бұл сакураның ерекшелігі - минус 40 градусқа дейін аязға төзімділік
Хоккайдо аралында Қазақстан астанасының құрметіне «Нұр-Сұлтан» деп аталатын сакураның жаңа түрі гүлдеді. Жаңа сұрыпты Хоккайдо префектурасының Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұр-Сұлтан» сакурасының ерекшелігі - минус 40 градусқа дейін аязға төзімділік. Бұл астанамыздың ауа-райы жағдайларына бейімделу үшін ең қажет сипаттамалардың бірі. Қазақстанның астанасын бейнелейтін сакура гүлі қос гүлдену әсеріне байланысты 10 қардай ақ күлте жапырақшалардан тұрады. Ал сакураның басқа сұрыптарында әдетте 5 жапырақша ғана бар», - деп жазылған хабарламада.
Сакураның жаңа сұрпының авторы - Хоккайдо префектурасы Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының докторы Йоичи Вакита әлемдегі суық аймақтарда сакураны өсірумен айналысатын молекулярлық биолог ретіндегі мақсаты аязға төзімді сакураның генетикалық әлеуетін кеңейту екенін айтты.
«Нұр-Сұлтан» сұрпы ғылыми эксперимент, сондай-ақ қазақ халқына сыйлық-тілек. Гүлдеп тұрған сакураны тамашалау жапон халқының негізгі мәдени коды және буддистік сенімдердің негізінде сакура гүлдері табиғаттың шығармашылық күшін және көктемнің келуін білдіреді. Осылайша, мен Қазақстанға коронавирус инфекциясының таралуын тоқтатып, дағдарыстан тез арада шығуын тілеймін», - дейді ол.