Киік санын əуеден көктемгі санау кейінге шегерілді - Мағзұм Мырзағалиев
Төтенше жағдай режиміне байланысты кейінге шегерілген жұмыс күзде жалғасады
2019 жылы Қазақстанда 335 мың киік есепке алынды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Табиғат заңы ешқашан өз дəстүрінен жаңылған емес. Дəл осы кезең киік төлдеп, құралайын өргізетін сəт. Мамырдың басында басталып, бірнеше аптаға созылатын қазақ айтатын «құралайдың салқыны» келіп жетті. Өткен жылы сайын даламызда 335 мың киік есепке алынды. Өкінішке орай, биыл киік санын əуеден көктемгі санау төтенше жағдай режиміне байланысты кейінге шегерілді. Бұл жұмыс күзде жалғасады. Табиғат өз перзентіне мейірімін төгіп, маң даладағы киік саны көбейе түседі деп үміттенемін», - деп жазды министр.
Оның айтуынша, қазірде инспекторлар киік төлін өргізетін жерлерді айрықша қорғауға кіріскен. Күш құрылымдармен бірге браконьерлікті болдырмау мақсатындағы «Киік» кең ауқымды акциясы іске асырылуда. Мамандар да ақбөкендердің хал-ахуалын жіті қадағалап отыр.