Референдум: Халықтық штаб мүшелері Қызылордада медицина саласының өкілдерімен кездесті

Azattyq Rýhy

Басқосуда еліміздегі атом энергетикасын дамыту тиімділігі мен пайдасы талқыланды

Референдум: Халықтық штаб мүшелері Қызылордада медицина саласының өкілдерімен кездесті
Фото: «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі

АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов және Мұрат Ергешбаев Жоғары медицина саласының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқосуда еліміздегі атом энергетикасын дамыту тиімділігі мен пайдасы талқыланды. Ағымдағы жылы мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында да атом энергетикасын іске асыру, елдегі электр қуаты жетіспеушілігінің алдын алу мәселесі сөз болған еді. Жалпы, бүгінде оңтүстік өңірлерде электр қуаты жетіспеушілігі салдарынан қажетті тоқ көзін шетелден сатып алудамыз. Еліміздегі күн сайын өсіп жатырған моно қалалар мен мегаполистер, ауқымды құрылыс жобалары және демографиялық ахуал электр қуатына деген сұранысты арттыруда. Соның негізінде, еліміздің жер қойнауындағы уранды бейбіт атом өндіру үшін пайдалану — бүгінгі күннің басты қажеттілігіне айналды.

"Бірнеше жыл бұрын Корей мемлекетінде болып, олардың атом энергетикасын өндіру технологиясымен таныстым. Атом станциясы мағында қуатты дамыған қалаларды байқадым. Ең қызығы, станцияның маңайында жеміс-жидек сатып отырған азаматтарды да көзім шалды. Сонда, уранды өндеу кезінде оның бар зияны, тарататын радиациясы сол жерде қалатынын, атом энергетикасының маңайындағыларға зияны тимейтініне көзім жетті. Жалпы, адамзат баласы қолданып жүрген кез-келген нәрсенің өзінің зияндығы бар. Ұшақ та радиация бөледі, желдеткіштің ішіндегі фрион да улы заттардың бірі. Бірақ, жоғарғы технологияның арқасында олар арнайы бактың ішінде өңделіп, зияны жақын жерге тарамайды«,- штаб мүшесі Мұрат Әбенов деді. 

Бүгінде қоғам тарапынан атом станциясынан тарайтын радиацияның әсері кеңінен талқылануда. Бұл мәселе бойынша ғалымдар, атом станциясының III+ буынының радиция әсерінің адам баласына зияны жоқ екенін айтуда. Атом технологиясын дамыту сатысында радиация әсері мүлде жойылатынын атап өтуде.

«МАГАТЭ ұйымы ғаламдағы атом станциясылының халықаралық заңдылықтарға сай салынуын, жұмыс жасауын қадағалайды. Қоғамдық санада радиациялық қауіп туралы стереотип сақталуда. Осы жерде айта кететін жайт, радиацияланған ядролық отын қалдық емес, қайта өңдеу нәтижесінде пайдалы материалдардың 90%-дан астамын қайта пайдалануға болады», — штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев деді.

Ал, Халықтық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов энергетикалық қажеттілік төңірегінде ойымен бөлісті. 

«Энергетика саласында көп жылдан бері еңбек еткендіктен, қоғам үшін электр қуаты қажеттілігінің маңызды екенін білеміз. Осыдан біршама жыл бұрын қаламызда бірнеше сағаттап жарық болмай қалған кездер бәріміздің есімізде. Дегенмен, өздеріңізге белгілі қаламызда жаңадан жылу-электр орталығы салынуда. Түркия елінен келген инвесторлар 215 млрд. теңгеге жылуды да, электр көзін де өндіретін орталық салуда. Олар келер кезде біз қажетті құрылғылардың сапалы, төзімді, қауіпсіз болуы жайлы талап қойдық. Олар талапты қабылдап, өңірімізге инвестиция құйды. Дегенмен, өңірдегі электр қуатының жетіспеушілігі бұнымен шешілмейді. Бір атом станциясының өзі 12 пайыз қажеттілігімізді өтей алады»,-деді. 

Кездесуде медицина саласының өкілдері атом энергетикасының адам денсаулығына әсері, мамандарды даярлау, атом құрылысы және халықаралық шарттар жайлы сауалдар жолдап, штаб мүшелерімен пікір алмасты.

Сонымен бірге Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында болған Республикалық халықтық штаб мүшелері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Керделі ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, АЭС салу мәселесінің маңыздылығын жеткізді.

Кездесуде сөз алған Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов мамандардың электр қуатын тұтыну көлемінің артып отырғандығын атап өтті. 

«Жалпы мамандар электр қуатының жыл сайын 3 пайызға артып отырғандығын айтуда. Ал өзімізге келсек, электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Яғни, электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да үлесі артуда. Улы заттардың қосындысы қоршаған ортаға да кері әсерін тигізуде. Осы орайда дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом станциясының жұмысын жандандыруда. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажеттілігін атап өткен болатын», — деді.

Ал, Сенат депутаты Руслан Рүстемов атом энергетикасының жаһандағы дамуы төңірегінде тоқталды. 

«Қазіргі уақытта бүкіл әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың көпшілігі II буын реакторлары болып табылады. Қазіргі уақытта III және III+ буын реакторларының саны көп емес. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл реакторлар дүние жүзінде ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады. III буын реакторларының орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген, реакторлық корпусты толық жөндеу және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Бастапқы лицензияның мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қондырғыларды ұзақ мерзімді пайдалану көптеген елдерде қалыпты жағдайға айналды»,-деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.