ШҚО әкімі: «Шығыс салбұрыны» — Шығыстың туристік бренді»

Azattyq Rýhy

Фестивальдің барлық қонақтарына өңірдің танымал гастрофирмаларынан тамақтану ұйымдастырылмақ

ШҚО әкімі: «Шығыс салбұрыны» — Шығыстың туристік бренді»
Фото: ШҚО әкімдігі

Ағымдағы жылдың 10-14 қазанында Бозанбай ауылының маңында «Бүркіт төбе» алаңында дәстүрлі «Шығыс салбұрыны» халықаралық бүркітші фестивалі өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев фестиваль дайындығын бағамдап қайтты.

«Шығыс Салбұрыны» фестиваліне республиканың басқа облыстарынан, соның ішінде шет елдерден, атап айтқанда бүркітші федерациясынан, Моңғолиядан, Венгриядан, Ресейден, Испаниядан, ҚХР-дан 130-дан астам өкіл қатысады. Негізгі іс-шаралар 11-12 қазанға жоспарланған, күтіп отырған қонақтар саны төрт мыңнан бес мыңға дейін. «Бүркіт төбе» алаңында киіз үй қалашығы (жиырмадан астам киіз үй) орналасады, онда туристерді бүркіттер мен сұңқарлардың қызықты сайыстары ғана емес, сондай-ақ, көптеген ойын-сауық (түйемен сырғанау, алтыбақан, садақ ату және тағы басқа) күтетін болады.

Облыс әкімінің айтуынша, Шығыстың туристік брендіне айналып, дәстүрлі түрде өтіп отырған аталмыш фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, деңгейін өрлете түсуі тиіс.

Фестивальдің барлық қонақтарына өңірдің танымал гастрофирмаларынан тамақтану ұйымдастырылмақ. Жарыс бағдарламасына түрлі санаттағы бүркіттер мен сұңқарлар сайысы, «тазы» тұқымындағы жүйрік иттердің жарысы, «жамбы ату» және «теңге ілу» додалары кіреді.

Сонымен қатар, фестиваль аясында ШҚО-ның аудандары мен қалалары халық шығармашылығы мен ұлттық тағамдар, сусындар және бал-панта сияқты жергілікті өнімдерді таныстыру мақсатында жаппай қатыспақ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.