$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл блыстық Халықтық штаб мүшелері бірқатар кездесу өткізді

Штаб мүшелері атом электр станциясының артықшылығы туралы әңгімелесті

Жамбыл блыстық Халықтық штаб мүшелері бірқатар кездесу өткізді
Фото: «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстағы филиалы

Жамбыл блыстық Халықтық штаб мүшелері Дәурен Ахметжаев пен Айгерім Сейсенбаева «Жамбыл Рем Сервис» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алайда, президент атап өткендей, «Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дəйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс».  Жалпы, Мемлекет басшысының атом энергиясын бейбіт мақсатта Қазақстанның экономикасын дамытуға пайдалану туралы шешімінің арғы жағында еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының артуы, экологиялық мәселелерді шешудің жатқанын ескерген жөн.

Өйткені, электр қуатын тұтынудың кейінгі жылдары еселеп артып бара жатқанын, болашақта оған деген тапшылықтың күшейе түсетінін мамандар ескертумен келеді. Сондықтан, бұл тұйықтан шығудың бірден-бір жолы атом энергетикасының әлеуетін пайдалану болмақ.

Шын мәнінде, атом энергиясы үздіксіз энергия өндірудің жалғыз ғана көзі ретінде мойындалған. Себебі, АЭС генерацияның барлық түрінің ішінде көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады. Расында да, қазір атом энергетикасын дамыту ерекше маңызды экономикалық және саяси аспектіге айналды. Еліміздің барлық өңірінде өткізілген АЭС салу мәселесіне қатысты қоғамдық талқылаулар циклының қорытындылары да оның мән-маңызын көрсетіп отыр. Түптеп келгенде, барлығы ел тұрғындарының қолында.

Апта басында «Жамбыл Рем Сервис» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездескенде штаб өкілдері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамдары қоғам өміріне және елдің дамуына жан-жақты зор үлестерін қосатынын әрдайым айтып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ, басқосуда қатысушылар еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі – президенттің Жолдауын да талқылады. Бұл ретте штаб мүшелері әр Жолдау – бұл халықтың қажеттілігі мен сұранысына негізделген нақты іс-қимыл жиынтығы екенін мәлімдеді. Ал, соның бірегейі – соңғы жылдары халық пен бизнес өкілдері қатты сезініп отырған энергия тапшылығы мәселесі.

Жиында штаб мүшелері қазіргі таңда кәсіби мамандардың дәлелді сөздері күмәншіл адамдар мен сыншылардың пікірінен басым түсіп, атом электр станцияларына қатысты халықтың қорқынышы мен үрейін сейілтуі өте маңызды екенін атап өтті. Олар өз сөздерінде қоғам АЭС құрылысын ой елегінен өткізіп, дұрыс шешім қабылдауы қажет деді.

«Соңғы мәліметтер мен сараптамаларға сүйенсек, жыл өткен сайын еліміздегі энергетикалық сұраныс өсіп келеді. Қазақстанның экономикалық дамуы мен халық санының өсуі де – бұған себеп болып отыр. Демек, біздің елде атом электр станциясы салынбаса, экономикалық және экологиялық тұрғыда бірқатар тәуекелдерге тап болуымыз мүмкін. Ал, АЭС тұрақты және сенімді энергия көзі ретінде осынау мәселені шешуде маңызды рөл атқарады. Шын мәнінде, атом энергетикасынан бас тарту Қазақстанның сыртқы энергия көздеріне тәуелділігін молайта түсері сөзсіз. Бұл – әсіресе, Ресей мен Қытай секілді көршілес елдерден электр энергиясын импорттауға мәжбүр етуі бек мүмкін. Осылайша, энергияның негізгі бөлігін сырттан сатып алу – ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп, экономикалық тәуелділік арта түсері айтпаса да түсінікті. Ендеше, бәріміз бірлесіп, еліміздің прогрессивті дамуы жолында батыл қадам жасауымыз керек», – деген Дәурен Хайруллаұлы жұртшылықты референдумға белсене қатысуға шақырды.

Бұдан кейін, облыстық жедел жәрдем станциясының ұжымымен өткен дөңгелек үстелде дәл осы штаб мүшелері алдағы референдумға барша жұрттың белсенді қатысуы – осынау тарихи шешімнің дұрыс қабылдануына айтарлықтай әсер ететініне сенім білдірді. Әңгімелесу барысында Халықтық штаб мүшелері АЭС-тың тек энергия көзін қамтумен шектелмейтінін, сонымен қатар, еліміздің экономикалық, ғылыми және технологиялық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті. Ал, «Шипажай», «Бөбек» және «Салауат» бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесуде жастар мен келешек ұрпақ үшін бұл жобаның берер пайдасы зор екені туралы дәйекті ақпарат айтылды.

«Жастардың қоғамдағы рөлі ерекше. Қазіргі күні еліміздегі ең маңызды шешімдер жастардың атсалысуымен қабылданып жатыр. Бұл – Президентіміздің негізгі ұстанымы. Сіздер, жастар, болашақта Тәуелсіз Қазақстан экономикасының дамуына айрықша үлес қосатын жансыздар. Осы себепті, бүгін өздеріңізбен алдағы референдумда саналы түрде таңдау жасау үшін атом электр станцияларының құрылысы мәселесін талқылауға келдік», – деді Ерұлан Мағзымбеков.

Сондай-ақ, бұл күні облыстық штаб мүшелері Ерғали Әбуғали мен Жанат Төленбаев М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Қ.Сарымолдаев атындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында» да кездесулер өткізді. Онда 6 қазан күні өтетін жалпыұлттық референдумда шешім қабылдау арқылы Қазақстанның тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, еліміздің даму жолындағы маңызды қадам жасау қажеттігі түсіндірілді. Ал, облыс орталығындағы «Ардагерлер үйінде» өткен басқосу барысында штаб мүшелері Еркінбек Солтыбаев пен Асқар Абдуалы атом электр станциясының құрылысы еліміздің бәсекеге қабілетті болуына өз жәрдемін тигізетінін айтты. Олардың пайымдауынша, кез келген тарихи оқиға орын алар шақта тұтас қоғам ішінде пікірталастың болуы заңдылық. 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#АЭС #референдум