Халықтық штаб өкілдері АЭС құрылысы бойынша Атырау медицина колледжі ұжыммен кездесті
Кездесуде медицина қызметкерлері сауалдарына тұшымды жауап алды
Атырау облыстық халықтық штаб өкілдері АЭС құрылысы бойынша Атырау медицина колледжі ұжыммен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқосуға ақпараттық үгіт-насихат жүргізетін жұмысшы тобының мүшелері Айбар Ерекешов, Түркменбай Нұржігітов, Нұрбол Құрман, Фатима Тулееова, қатысып, 6 қазанда өтетін республикалық референдумның маңызына тоқталды.
«Біз әрбір қадамды нақтылап, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Басты мақсат — әрбір азамат, әрбір отбасы реформалардың игілігін сезінуі. Референдум — әр азаматтың өз елінің болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі. Энергетика дамымай, ел экономикасының дамуы мүмкін емес. Бұл — жаңа кәсіпорындардың ашылуының, жаңа жұмыс орындарының құрылуының және экономикалық өсудің басты факторы», — деді қалалық мәслихат депутаты Нұрбол Құрман.
Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Фатима Тулееваның айтуынша:
"Бүгінгі таңда көптеген инвестициялық жобалар бар. Ақша бар, инвесторлар бар. Бірақ энергия жоқ, яғни тұрақты энергия қажет. Тиісінше атом электр станциясының құрылысы елдің индустриализацияға көшуіне, яғни шикізатқа тәуелділігінен арылуға септігін тигізеді. Экономикалық тұрғыдан елдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі«,- деді.
Кездесуде медицина қызметкерлері «АЭС-тің қандай қауіптілігі болу мүмкін?» «Құрылысы жоспарланған ел мен аймақ үшін АЭС-тің пайдасы қандай?», «Атом электр станциясын салуға қанша уақыт кетеді?» деген сауалдарына тұшымды жауап алды.