Қызылорда облысында 7 мыңнан астам тұрғынға тиісті тегін дәрі-дәрмек берілмеген

Автор: Azattyq Rýhy

Тексеріс нәтижесінде 93 тұлға жауаптылыққа тартылған

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Қызылорда облысының прокуратура органдары дәрілік заттар айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Тексеріс нәтижесінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде облыстың 7 мыңнан астам тұрғынының дәрілік заттармен қамтамасыз етілмегені анықталды.

Қызылорда қаласының емханаларында балалардың жас шамасы ескерілмей, 1 мыңнан астам кәмелетке толмағанға негізсіз дәрі-дәрмек тағайындалған.

Медициналық көрсетімдерсіз 170 науқас инсулин препараттарымен қамтамасыз етілген.

«Одан бөлек, 68 дана медициналық препараттың сақтау талаптары бұзылып, 2 науқасқа жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттар тағайындалған. Сонымен қатар өңірдің 14 медицина ұйымында заңсыз фармацевтикалық қызметпен 19 жұмыскер айналысқан. Анықталған заңдылықты бұзулар бойынша уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, қарау нәтижесімен 93 тұлға жауаптылыққа тартылған», - делінген хабарламада.