Тоқаев Қостанайдағы шойын құю зауытын аралап көрді

Azattyq Rýhy

Бұл зауыт жылына 45 мың тонна шойын құяды деген мәлімет бар

Тоқаев Қостанайдағы шойын құю зауытын аралап көрді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы жұмыс сапарын «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытын аралаудан бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметіне сүйенсек, зауыт өңірдің индустриялық аймағында орналасқан.

«Президент жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын аралап көрді. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовой зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндірілетінін айтты. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды», - деп жазады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев шойын қорыту және қалыпқа құю, сондай-ақ бұйымды өңдеу секілді жұмыстардың толық процессін көрді.

«Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға әсері аз. Қазір мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды», - деп хабарлаған Ақорда.

Дереккөзге сүйенсек, мемлекет басшысы озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорынға оң баға берген. Президент зауытта жұмыс істейтін жас инженерлермен сөйлескен.

«Бүгінде біз жұмысшы мамандарды қолдап жатырмыз. Ол жөнінде Жолдауымда да айттым. Келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияладық. Еңбек – қашан да құнды. Бұл жерде кіл жастар жұмыс істейді екен. Біз ірі және шағын кәсіпорындарда қызмет ететін мамандарды, әсіресе жастарды міндетті түрде қолдаймыз. Елімізде еңбек өтілі 100, 200 жылды құрайтын, тіпті одан да асатын жұмысшылар әулеті бар. Сондықтан біз осындай отбасыларға, әулеттерге құрмет көрсетеміз. Сіздер секілді жастардың өмір жолы енді басталып жатыр. Еліміздің дамуына зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жоспар іске асырылған кезде, жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсіп, жыл сайынғы бюджет түсімі 75 миллиард теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ орташа жалақы мөлшері 1,5 есе артып, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.