Мал шығыны – 32 млн теңге
Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан 11 елдімекеннің егістіктері зақымданған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
«11 елдімекендегі 7639 гектар егістік шығынын 4 млрд 1 миллион теңге деп есептеп отырмыз. Комиссия шешімі бойынша әр дақыл түріне қарай өтемақы тағайындалады. Су тасқынынан 297 мал зардап шекті. Мал шығынын 32 млн теңге деп есептедік», - деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен мыңнан астам тауар өндірушінің тізімі жасалған. Сонымен қатар мал мен егінге байланысты актілер дайындалып жатыр. Өтемақы тағайындалған жағдайда, азаматтардың жеке шотына аударылады.