Боливияда орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды
Биыл елде 3 млн гектар жер өртке оранған

Боливия аумағында орман өрттерінің кеңінен таралуына байланысты елде төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Қорғаныс министрі Эдмундо Новилло баспасөз конференциясында төтенше жағдайдың жариялануы Боливияға халықаралық қолдауды жылдам үйлестіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Бразилияның ғарыштық зерттеулер агенттігі бақылап отырған мәліметтерге сәйкес, Боливияда 2010 жылдан бергі ең ірі орман өрті тіркелген: биыл кем дегенде 3 миллион гектар жер өртеніп кеткен. Оңтүстік Америкада орман өрттерінің маусымы тамыз және қыркүйек айларында шарықтау шегіне жетеді, алайда бұл жылда өрт маусымы шілде айында ертерек басталып, құрғақшылықтың салдарынан елге қатты зиян келтірді.
Боливиядағы өрт сөндіру күштері қатты әлсірегендіктен, үкімет халықаралық көмек сұрады. Елдің солтүстігіндегі Чикитано орманы маңындағы жергілікті халық өртпен күресіп, егін және мал өсіру үшін пайдаланатын жерлерін қорғауға тырысты, бірақ кейбірін эвакуациялауға мәжбүр болды. Бұл аймақ Бразилия және Парагвай шекараларына жақын орналасқан.