Оралда әйелінің интимдік фотосуреттерін таратқан ер адам сотталды

Azattyq Rýhy

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Оралда әйелінің интимдік фотосуреттерін таратқан ер адам сотталды
Фото: istockphoto.com

Оралда ажырасуға арыз берген әйелінің интимдік фотосуреттерін Whatsapp мессенджері арқылы таратқан ер адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орал қалалық сотында ҚР ҚК 194-бабы 1-бөлігі (бопсалау) және 147-бабы 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу) бойынша айыпталған А-ға қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.

БҚО сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, А. аталған баптарға сәйкес айыпты деп танылып, оған 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сот талқысында белгілі болғандай, сотталушы А. мен Б. заңды некеде тұрған. Бірге өмір сүрген уақытта Б. Whatsapp мессенджері арқылы күйеуі А-ның өтініші бойынша оған интимдік сипаттағы фотосуретті өз еркімен жіберген.

«Кейінірек араларындағы келіспеушіліктерді ескере отырып, Б. сотқа некені бұзу туралы арыз берген кезде, оған А. келіспеген. Сөйтіп Б-ны масқара ететін интимдік сипаттағы фотосуреттерін таратамын деп қорқытып, одан ақша талап ете бастаған. Ақыры А. өзінің ұялы телефонынан Б-ның әкесінің ұялы телефонына, сондай-ақ Whatsapp мессенджеріндегі жалпы топқа одан бұрын алынған интимдік сипаттағы фотосуреттерді жіберген. Осылайша, Б-ның жеке өмірі туралы құпия мәліметтерді оның келісімінсіз таратқан», делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.