Республиканың батыс және оңтүстік облыстарында ауа температурасы түнде +7+15°С болады деп болжануда
Қыркүйек айында республиканың басым бөлігінде ауа райы салқын және жауын-шашынды болады деп күтіліп отыр, тек республиканың батысында қыркүйектің басында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады. «Қазгидромет» РМК синоптиктердің болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қыркүйекте республиканың солтүстік жартысында жауын-шашын ай бойы жиі жауады, үзіліс 1-3 күнге созылады. Кей күндері республика бойынша қатты жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ, екпінді жел күтіледі. Еліміздің солтүстік жартысында жиі тұман күтіледі.
Қыркүйектің бірінші онкүндігінде ауа температурасы:
«Қазақстанның солтүстік және орталық облыстарында түнде +2+10°С дейін, топырақ бетінде 2° үсік болуы мүмкін, күндіз +8+15°С дейін суытады, онкүндіктің соңында ауа температурасы шамалы жоғарылауы мүмкін.
Республиканың шығысында ауа температурасы түнде +8+16°С-тан +2+7°С-қа дейін, онкүндіктің екінші жартысында үсік болуы мүмкін, күндіз +12+23°С-тан +17+25°С-қа дейін ауытқиды;
Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында күндізгі ауа температурасы +22+30°C-тан +17+23°C-қа дейін ауытқиды деп болжануда.
Қыркүйектің екінші және үшінші онкүндігінде республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде ауа температурасы +3+8°С, кей күндері үсік болуы ықтимал, күндіз ауа температурасы +12+19°С-тан +21+26°-қа дейін ауытқиды;
Республиканың батыс және оңтүстік облыстарында ауа температурасы түнде +7+15°С болады деп болжануда, топырақ бетінде үсік болуы мүмкін; күндіз +25+35°С-тан +15+23°C-қа дейін ауытқиды», - делінген ауа райы болжамында.
Үшінші онкүндікте солтүстік, орталық және шығыс облыстарда жаңбырдың соңы қарға айналуы мүмкін.
Бұл болжам консультативтік болып саналады, оны нақтылау үшін онкүндік және апталық болжамдар шығарылады.