Өскеменде 5 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылды
Олар - «Astoria», «Asyl Tau», «Шаңырақ», «Крылов» және «Мұзтау» тұрғын үй кешендері

Өскеменде салынып жатқан 5 көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарына рұқсат беретін құжаттары толық болмай шықты. Бұл туралы ШҚО мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқарма Өскеменде рұқсат беретін құжаттары толық болмай шыққан 5 көпқабатты үйдің құрылысын тоқтатты. Олар «Astoria», «Asyl Tau», «Шаңырақ», «Крылов» және «Мұзтау» тұрғын үй кешендері.
«Қазіргі уақытта қала бойынша барлығы 35 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан екі компания ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 320-бабы (Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актіні және тұрғын үй заңнамасының талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы ретте, тұрғындарға салынып жатқан үйді брондау шарттары заңсыз екендігін, үйді келісімшартта көрсетілген мерзімде алуға кепілдік бермейтінін ескертеміз», - делінген хабарламада.