Алматыдағы тұрғын үй кешенінің бірінде тазалықшы әйелді күйеуі ұрып өлтірген: полиция қылмыстық іс қозғады
Күдікті уақытша ұстау изоляторына жеткізілді
Алматыдағы «Асылтау» тұрғын үй кешендерінің бірінде күйеуі әйелін ұрып өлтірді. Бұл туралы «НеМолчиKZ» қоры мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«НеМолчиKZ» қорына 17 тамызға қараған түні аталған тұрғын үй кешені тұрғындарының бірінен хабарлама келіп түскен. Хабарламаға сәйкес, әйел ғимараттағы 14-15 қабаттарды жинап, тазалықшы болып жұмыс істеп жүрген. Сағат 17:00-де тұрғын үй кешенінде полиция мен жедел жәрдем келіпті.
«Сәлеметсіз бе?! Біздің Алматыдағы тұрғын үй кешенінде тазалықшы әйелді күйеуі ұрып өлтірді. Бұл сұмдық. Біздің елде әйелін ұрып-соғып өлтіру сәнге айналған сияқты. Қылмыскерді қолға түсірген секілді. Әйелдің бір қызы бар, жасы 45-те еді. Мен оны күнде көретінмін, сондай ұқыпты еді. Екі үйдегі 14-15 қабатқа дейін тап-таза етіп, жинап шығатын», – деген хабарлама жіберген тұрғындардың бірі.
Алматы қалалық полиция департаменті қайғылы оқиғаға байланысты іс қозғалғанын хабарлады.
«Алматы полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды. Күдікті «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – делінген ПД хабарламасында.