Назым Қызайбай мен Демеу Жадыраевқа үш бөлмелі пәтер берілді

Azattyq Rýhy

Алматы облысы өз олимпиадашыларына құрмет көрсетуде

Назым Қызайбай мен Демеу Жадыраевқа үш бөлмелі пәтер берілді
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысында Париждегі Олимпиада ойындарынан оралған спортшыларды  жылы қабылдап құрмет көрсетілді. Олимпиадаға қатысушыларды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жеке құттықтап, облыс кәсіпкерлері атынан бағалы сыйлықтар табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірдегі спортты дамытуға қосқан үлестері үшін демеушілерге: «ELIT STROY Group» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекзат Сармонов пен «Каз Строй Монолит» компаниясының коммерциялық директоры Әлімжан Сәрсенбаевқа, «КаzSМU» компаниясына ерекше алғыс білдірілді. 

Спортшыларды Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Талғат Біләлдин де құттықтады.

«Аймақ кәсіпкерлері халықаралық жарыстарда туған өңірінің намысын қорғап жүрген дарынды спортшыларды қолдауға әрқашан дайын», - деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев. 

Олимпиадаға қатысушылардың жалпы жүлде қоры 24 миллион теңгені және 4 пәтерді құрады.

«Біз сіздермен мақтанамыз, сіздердің медальдарыңыз – бұл жай ғана спорттық жүлделер емес, олар – батылдықтың, қайсарлықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің нағыз үлгісі. Бұқаралық спортты дамыту және чемпиондарымызды қолдау үшін,  алдағы уақытта да спортшыларымызға жаңа жарқын жеңістерге жету үшін біз барлық жағдайды жасайтын боламыз!», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Облыс басшысы Алматы облысының барша кәсіпкерлері атынан Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа 10 миллион теңгенің сертификаты мен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.  Қола жүлдегер Назым Қызайбайға да облыс басшысының қолынан бизнес қауымдастығының сыйлықтары: 3 бөлмелі пәтердің кілті мен 2 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. 

Спортшылардың жаттықтырушылары да марапатсыз қалмады: Жұмақан Тұрғанбеков пен Боранбек Қоңыратов өңірлік кәсіпкерлерден 2 миллион теңгенің сертификаты мен екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. 

Сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Париждегі Олимпиада ойындарына қатысушыларға кәсіпкерлер атынан 2 миллион теңгенің сертификаттарын табыс етті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.