Үкімет Маңғыстау атом энергия комбинатын қолдау үшін 5 млрд теңге бөлді

Автор: Azattyq Rýhy

2023 жылдан бастап кәсіпорынды кезең-кезеңімен жаңғырту жүргізіліп келеді

Фото: maek.kz

Үкімет резервінен Маңғыстау облысының ірі энергия кешенін қолдау үшін 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Маңғыстау облысындағы «МАЭК» ЖШС қызметін қолдауға Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды.

Қаражат облыстық бюджет арқылы энергетика комбинатын субсидиялауға бағытталатын болады, бұл кәсіпорынға алдағы жылыту маусымына уақытылы дайындалуға және энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2023 жылдан бастап кәсіпорынды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Үздіксіз өндірістік циклды қамтамасыз етуге және жабдықтың тоқтап қалу қаупін азайтуға бағытталған бірқатар негізгі жобаларды іске асыру көзделген. Олар қазандық агрегаттарын, резервтік қорғау және автоматика жүйелерін, сондай-ақ электр энергиясын басқару мен есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін жаңғыртуды қамтиды.

МАЭК – Ақтау қаласын қоса алғанда, өңірдегі елді мекендер мен кәсіпорындарды электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ауыз су, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ететін Маңғыстау облысының ірі энергия кешені.