Қазақстандық кәсіпкер Қырғызстанның қылмыстық тобын қаржыландырған

Молдатай Сымбат

Оған Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті іздеу жариялады

Қазақстандық кәсіпкер Қырғызстанның қылмыстық тобын қаржыландырған
Фото: instagram.com/gknb.official/

Қазақстандық кәсіпкер Ясынжан Таировқа Қырғызстанда іздеу жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қырғызстан ҰҚКК-не сілтеме жасап.

Қамшыбек Асанбектің (Қамшы Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландыру фактісі бойынша қазақстандық кәсіпкер, «Симирам» демалыс орталығының иесі Ясынжан Таиров іздестіріледі.

Арнайы қызмет кәсіпкер Ясынжан Таировтың «Братский круг» халықаралық қылмыстық тобының құрамына енген Қамшы Көлбаевтың қылмыстық тобын қаржыландыру фактілерін анықтады.

Таиров Қамшы Көлбаевтың қылмыстық әрекеті туралы біле тұра, онымен бірлескен бизнес-жобаларды жүргізу үшін байланыс орнатқан. Кәсіпкер ұрыға 200 мың доллар берді. Демалыс орталығының иесі қылмыстық топ мүшелеріне тұрақты түрде коттедждер мен бөлмелер беріп отырды, делінген айыптауда.

«Я. Таировқа қатысты жиналған материалдар негізінде Бішкек Октябрь аудандық сотының қаулысымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай тағайындалды. Сондай-ақ ол қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін мемлекетаралық және Интерпол ҰБО желісі бойынша іздестіріледі», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Қамшы Көлбаев – Қырғызстандағы ең танымал қылмыстық авторитеттің бірі. 2011 жылы АҚШ билігі оны халықаралық есірткі бизнесінің ірі өкілі деп таныды. Әйгілі «Братский круг» тізіміне енгізілді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.