$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақтың бас ақыны Абайдың туғанына – 179 жыл

Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дата күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілді

Қазақтың бас ақыны Абайдың туғанына – 179 жыл
Фото: ҚР Үкіметі

Елімізде 2020 жылы ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Осы мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 тамызды, яғни, ұлы Абай Құнанбайұлының туған күнін «Абай күні» деп атауды ұйғарып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленді. Ал биыл ақынның туғанына 179 жыл толып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл мерекенің 10 тамызға белгіленуі де бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дата күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілді.

«Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Ұлы ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табуға шақырды. Ақын айтқан бес асыл іс: Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз. Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Абайдың азан шақырып қойған есімі – Ибраһим. 1845 жылы қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген.

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комиетінің деректері бойынша, 2020 жылы Абайдың толық шығармалары әлемнің 10 тіліне, атап айтсақ, француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, итальян тілдеріне аударылып, басылған. Аударманың әрқайсысы 3 000 данадан кем болмауы ескерілген.

Бұдан бөлек, Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария, Чехия, Монғолия, Грузия, Түркия, БАӘ, АҚШ, Мысыр, Пәкістан, Мажарстан, Иран, Үндістан, Малайзия, Литва елдерінде ойшылдың атындағы орталықтар мен клубтар, ақын ескерткіші мен саябақтары ашылған.

Айта кетейік, Республика бойынша 31 елдімекен, 1300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ойшыл ақынның есімімен аталады.

Серіктес жаңалықтары