Үржарда жауған бұршақ диқандарды шығынға батырған
Миллиондап несие алғандар енді мемлекеттің көмегіне зәру
Абай облысында шаруалар «шығынға баттық» деп шырылдап отыр. Үржар ауданында жауған бұршақ жүздеген гектар бау-бақшасын тас-талқан еткен. Миллиондап несие алғандар енді мемлекеттің көмегіне зәру, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
«Пісіп тұрған қарбыз түкке жарамсыз болды. Бұны енді ауылдың малы ғана жейді. Мен енді бұл шаруаны тастадым. Енді үкіметтен тек сол кредитімді жауып берсе деп көмек сұрап отырмын», - деді Шолпан ауылының тұрғыны Алмас Сәдуақасов.
Шолпан ауылында екі апта бұын жауған бұршақ шаруаларды шаш етектен шығынға батырған. Қазір сабағы үзіліп шіріген қауын-қарбыздар алқапта шашылып жатыр. Мұндағылардың көбі мемлекеттен несие алып, 20-30 гектарға дейін қарбыз отырғызған. Адал еңбегі бір-ақ күнде еш кетіп, берешекке белшесінен батырып, енді несие жеңілдігін сұрауға мәжбүр. Ал аудандағылар бау-бақша сақтандырылмаса, шығын өтелмейді деп отыр. Десе де жұрттың алған несиесін өтеу мерзімін бір жылға шегеру үшін банкке өтініш хат жолдапты.
«Аталған өтініштер ҚР заңнамасына сәйкес қаралып жауап беріледі. Шаруа қожалықтарына келген залалдың бір бөлігін өтеу заңмада қарастырылмаған. «Мейіржан» шаруа қожалығына қатысты біз бүгін банкпен келісөздер жүргізіп жатырмыз. Оларға қызмет хатын жолдадық», - деді Үржар ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерзат Болатов.