Онлайн-платформа ретінде Facebook әлеуметтік желісі таңдалып алынған
Фейсбук және Инстаграм әлеуметтік желісінде өтетін арнайы челленджге қатысып, соғыс ардагерлерін еске алып, құрмет көрсетуге болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биыл карантинге байланысты көпшілік жиналуға болмайтындықтан, Нұр Сұлтанда «Жеңіс күні» мерекесі онлайн атап өтіледі. Соңғы жылдары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары батырлардың портретін ұстап шеруге шығатын «Жаужүрек полкі» шарасының да форматы өзгерді. Енді акция әлеуметтік желі арқылы жаңа форматта жалғасатын болады.
«Әлеуметтік желі пайдаланушылары (Фейсбук әлеуметтік желісінде) екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына арналған логотипі бар дайын рамканы қолдана алады. Әлеуметтік желідегі профильдің негізгі суретін (аватарын) безендіру үшін жүктеп алуға болады», – дейді «Жаужүрек полк» акциясының Нұр-Сұлтандағы үйлестірушісі Аида Баймақова.
Қатысушылар Жеңістің 75 жылдығына орай арнайы жасалған масканы орнатуы керек (Facebook-тегі жеке парақша - Негізгі фотосуретті шерту - рамканы қосу - NS Jenis75 маскасын табу - Орнату). Майданда қайтыс болған немесе соғысы кезінде өмірден өткен туысқандары туралы мәліметтер, ардагер туралы фото немесе видео хабарламаны жүктеу қажет.
Барлық ақпарат #Жаужрекполконлайн #Нұр-Сұлтан #Үйдебол #2020 хэштегтерімен жарияланатын болады.
Челлендж бірінші болып елорда әкімдігінің ресми сайтында (astana.gov.kz) жарияланады. Кейін барлық материалдар «Астанадағы 24/7» фейсбук парақшасында шығатын болады.
«Жаужүрек полк – 2020» онлайн-челленджінің негізгі қағидасы – шараға ерікті түрде қатысу және оны саяси PR үшін пайдалануға жол бермеу. Акцияның мақсаты – ардагерлерді өз ұрпағы ұмытпай еске алу, отбасылық құндылықтарды сақтау. Осыған байланысты ел басшылары мен көшбасшыларының (тарихи тұлғалар туыстары болмаса) портреттерін, сондай-ақ акцияның мақсаттарына қатысы жоқ басқа тұлғалардың портреттерін пайдалану орынсыз.