Іле Алатауында сел жүру қаупі әлі де жоғары

Автор: Azattyq Rýhy

Осыған байланысты әзірге Талғар қаласының аумағында жергілікті төтенше жағдай сақталады

Бейнеден кадр

Іле Алатауында сел жүру қаупі әлі де жоғары. Оған ауа температурасының тәуліктік нормадан жоғары болуы және кейбір мұздық көлдердің жағдайының тұрақсыздығы себеп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.

Әсіресе, Талғар өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан №19 табиғи су қоймасы мамандарды алаңдатып отыр. Осыған байланысты Талғар өзені бассейнінде жергілікті төтенше жағдай жарияланды. Шатқалға кіретін жол жабылды. Халыққа ондағы қауіп туралы ескертіліп жатыр.

№19 мореналық көлдің қауіп төндіріп тұрғандығын «Қазселденқорғау» мамандары биыл мамыр айында хабарлаған. Көлдің көлемі күрт өскен. Үш айдан бері мұнда су деңгейі азайтылып жатыр.

 «№19 көлде қазіргі уақытта термокарст және термоэрозиялық процестер анық байқалады. Осыдан келіп, көлдің акваториясы ұлғая түседі. Оған қоса, көл тереңдеп, жан-жағы жалаңаштана бастайды. Көміліп жатқан мұз ашылып, морена жабыны өте тұрақсыз болып, көлге сырғып ағады. Талғар өзені бассейніндегі №19 көлдегі жағдайды өте күрделі деуге болады», - деді «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары Мұрат Қасенов.

 №19 көл стационарлық емес. Яғни, қыста толығымен босап қалады. Жазда қауіпті сейілтудің ең тиімді жолы – суды сорғызу. Бұл шаруа күн суып, мұздың еруі азайғанға дейін жалғасады. Қазірдің өзінде су қоймасының деңгейі үнемі өзгеріп тұрады. Суды сору үшін сифон қолданылады. Бұл пластик құбырлар арқылы атмосфералық қысым болған кезде су өздігінен ағып шығады.

 «№19 мореналық көлде жүргізіліп жатқан сифон мен суларды түсіру барысында 3 сифон болған. Бүгінгі тағы 4-ші сифонды қостық. Ол деген тез мұздықтардың еруіне байланысты мореналық көлдердің толығуына байланысьты 4-сифонды қосып суларды түсіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Дәурен Азаматов.

Қазір су қоймасы тәулік бойы бақылауда. Бейнебақылаудан алынған фотосуреттер онлайн режимде түседі. №19 көлден су сорғызу жұмыстары 15 тамызға дейін жалғасады. Содан кейін арнаны тереңдету үшін бұрғылау-жару жұмыстары басталады. Осыған байланысты әзірге Талғар қаласының аумағында жергілікті төтенше жағдай сақталады. Қазір шатқалға ешкімді кіргізбейді. Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штаб құрған. «Қазселденқорғау» мамандары: «қауіп шамамен қыркүйектің ортасына дейін сақталады», - дейді.