Жолаушы өз сөзінде сараптамадан өтуге дайын екенін айтты
Әлеуметтік желіде Air Astana әуекомпаниясы рейсінің жолаушысы түсірген видео қызу талқыланып жатыр. Бойжеткен көзінің қызарып тұрғанына байланысты бортқа жіберілмегенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жолаушы өз сөзінде сараптамадан өтуге дайын екенін айтады. Ол сондай-ақ көздері қызарып тұрғанына байланысты бас тартылған актіні көрсетті.
«Көзім қызарып тұрғаны үшін рейстен қалдырды», - дейді бойжеткен.
Air Astana компаниясы өз кезегінде 26 шілдедегі Алматы-Шымкент бағыты бойынша КС969 рейсінің жолаушысына тасымалдаудан бас тартылғанын мәлімдеді.
«Бұл мінез-құлық жолаушының денсаулығына қауіп төндіруі және басқа жолаушыларға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Аталған факті бойынша полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері қажетті актілерді рәсімдеуге шақырылды. Кейінірек сараптама барысында қанында алкогольдің болғаны расталды», - делінген авиакомпания таратқан хабарламада.