Ақмола облысында екі тәулік бұрын жоғалған әжей аман-есен табылды
Қазіргі кезде оның жағдайы қанағаттанарлық
Ақмола облысында екі тәулік бұрын жоғалып кеткен әжей аман-есен табылды. Бұл туралы Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пд мәліметінше, Финченко Любовь Ивановнаның жоғалғандығы туралы Целиноград аудандық полиция бөліміне шілденің 23-де кешкі 20:25 шамасында қызы хабарлап айтқан.
Әжейді іздеуге полиция бөлімінің жеке құрамы бағдарланды, іздеу тобы орман алқаптары мен бос жерлерді, қараусыз қалған ғимараттар мен саяжайлардың аумағын тексерді. Сонымен бірге, дрон арқылы әуеден бақыланды.
«Шілденің 25-де сағат 16:00 шамасында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері, зейнеткерді Астана маңындағы өндірістік базаның аумағынан тапты. Қария онда қалай жеткенін өзі білмейді. Тоңғанда құмда жылынған. Қазіргі кезде оның жағдайы қанағаттанарлық. Тәртіп сақшылары қарияны Есіл аудандық ауруханасына жеткізді, онда оған медициналық көмек көрсетіледі», - делінген хабарламада.