Олар Қапшағай маңында оқшауланады
Бүгін 168 адам Біріккен Араб Әмірлігінен Қазақстанға оралды. Олар арнайы бортпен Талдықорғанға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ұшақ бортындағы 168 жолаушы Қапшағай маңында оқшауланады. Олар жататын аумақ толықтай қоршалған. Жұқпалы індет белгісін анықтауға арналған тест қортындысы шыққанға дейін олармен байланысуға тыйым салынады. Барлық азаматтар хаттамаға сәйкес 2 күн міндетті карантинде болады», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Оның айтуынша, карантинде жатқан азаматтарға демалыс орнының аумағынан тыс жерге шығуға тыйым салынады. Олардың сыртқа шықпауын арнайы күзет бақылайды.
«Жолаушылардан облысқа келген бетте COVID-19 инфекциясына анализдер алынып, эпидемиологиялық тексерулер жасалады. Тексеру нәтижелеріне сәйкес олар арнайы автобустармен тұрғылықты жерлері бойынша жеткізіледі», - дейді Ғ.Жүкел.