$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Шаруалар сұранысы толық қанағаттандырылады»: Су министрлігі мәлімдеме жасады

Өзбекстаннан 4 айда 4 млрд текше метрге жуық су келді

«Шаруалар сұранысы толық қанағаттандырылады»: Су министрлігі мәлімдеме жасады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы Қазақстанға 3,9 млрд текше метр су жіберді. Суару кезеңінің соңына дейін тағы 1 млрд текше метр су жібереді деп күтілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Нәтижесінде өзбек тарапы келісілген су көлемін 4 айда жіберді.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 2,6 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 689 млн текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 3,9 млрд текше метр су келді.

Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 3,6 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 950 млн текше метрге артық. Қызылқұм каналына 700 млн текше метр су, ал 400 млн текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.

«Көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті», - деді ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары